Жеңіл атлетика 04 Қыркүйек, 2018 (0) (178)

Ольга Рыпакова мен Виктория Зябкинаны енді құрлықаралық кубок күтіп тұр

Қазақстан жеңіл атлеттері Индонезияда өткен жазғы Азия ойындарынан оралды.

Дегенмен, кейбір спортшыларымыз үшін әлі жазғы маусым аяқталған жоқ, деп жазады жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі.

Мысалы, 30 тамыз күні үш қарғып секіруден жазғы Азия ойындарының чемпионы атанған Ольга Рыпакова енді 8-9 қыркүйекте Чехияның Острава қаласында Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) құрлықаралық кубогына қатысады.

Оған төрт құрлықтың құрамалары қатысады: Еуропа, Америка, Африка және Азия-Мұхит аралдары елдері. Құрлықаралық кубоктың бағдарламасында 37 сайыс түрі енгізілген (18-і ерлер арасында, 18-і әйелдер арасында және 4х400 метрлік аралас эстафета). Әрбір сайыс бойынша спортшыларға ұпай үлестіріледі. Сол бойынша үздік құрлықтық команда анықталады. Бір сайыс түрінен әрбір құрлықтан 2 спортшы ғана қатыса алады.

Шілде айының басында Бангкокта Азия жеңіл атлетика қауымдастығының Кеңесі өтті.Онда Мұхит елдерімен бірлесіп жасақаталатын құрама сөз болды. Кеңестің шешімі бойынша құрама спортшылардың биылғы маусымдағы көрсеткіштеріне байланысты жасақталатыны айтылған.

Жакартада 14.26 метрге секірген Ольга Рыпакова осы жарысқа енді Алматыда дайындалады. Сондай-ақ Қазақстаннан Виктория Зябкина да бар. Ол 200 метрге жүгіруден бақ сынайды.

Айта кетейік, IAAF-тың құрлықаралық кубогы ең алғаш рет 2010 жылы Сплитте өткізілген. Хорватияда Қазақстан атынан қатысқан Ольга Рыпакова 15.25 метрге секіріп, Азияның рекордын жаңартқан.Сондай-ақ өзінің спорттық карьерасындағы үздік нәтижені тіркеген болатын.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру