Жеңіл атлетика 06 Қыркүйек, 2018 (0) (252)

Рыпакова мен Зябкина Азия-Мұхит аралдары құрамасының атынан өнер көрсетеді

Алдағы 8-9 қыркүйекте Чехияның Острава қаласында Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) құрлықаралық кубогы өтеді.

Оған төрт құрлықтың құрамалары қатысады: Еуропа, Америка, Африка және Азия-Мұхит аралдары елдері. Құрлықаралық кубоктың бағдарламасында 37 сайыс түрі енгізілген (18-і ерлер арасында, 18-і әйелдер арасында және 4х400 метрлік аралас эстафета). Әрбір сайыс бойынша спортшыларға ұпай үлестіріледі. Сол бойынша үздік құрлықтық команда анықталады. Бір сайыс түрінен әрбір құрлықтан 2 спортшы ғана қатыса алады.

Азия-Мұхит аралдары елдері құрамасының сапына 87 атлет енген (45 ер, 42 әйел). Оның ішінде екеуі Қазақстаннан. Жақында төртінші рет Азия ойындарының чемпионы атанған Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру) мен Виктория Зябкинаға (200 м) сенім артылып отыр.

Виктория Зябкина Алматыдағы Ғұсман Қосанов Мемориалында 200 метрге жүгіруден осы маусымдағы Азияның үздік нәтижесін тіркеген еді (22.73 сек.).

Айта кетейік, IAAF-тың құрлықаралық кубогы ең алғаш рет 2010 жылы Сплитте өткізілген. Хорватияда Қазақстан атынан қатысқан Ольга Рыпакова 15.25 метрге секіріп, Азияның рекордын жаңартқан.Сондай-ақ өзінің спорттық карьерасындағы үздік нәтижені тіркеген болатын.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру