Жеңіл атлетика 15 Қыркүйек, 2018 (0) (191)

Ольга Рыпакова Белектегі оқу-жаттығу жиынына қатысады

Жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының көшбасшысы Ольга Рыпакова қазан айында Түркияға ағзаны қайта қалыпқа келтіруге арналған оқу-жаттығу жиындарына аттанады.

Спортшы 11 қыркүйек күні Чехиядан туған қаласы Өскеменге оралған болатын. Алайда Олимпиада чемпионы үйінде көп тұрақтамайды. Енді ол ұлттық құрамамен бірге Түркиядағы ағзаны қайта қалыпқа келтіруге арналған оқу-жаттығу жиынына барады. Жиын 1-21 қазан аралығында Белек қаласында өтеді.

Бұл қаладағы спорт кешен біздің жеңіл атлеттер үшін жақын таныс. Осы уақытқа дейін еліміздің құрамасы бірнеше оқу-жаттығу жиынын өткізген. Биылдың өзінде үш рет болды (наурыз, сәуір және мамыр-маусым айларында). Белекте тек жаттығуға ғана емес, ағзаны қайта қалыпқа келтіруге және медициналық ем-дом алудың барлық түрі қарастырылған.

Айта кетейік, Ольга Рыпакова биыл алғашқы жарысын 7 маусымда Ослода өткен «Гауһар лиганың» іріктеу кезеңінен бастады. Норвегияда спортшы 14.06 метрмен шектелді. Сосын «Гауһар лиганың» тағы екі кезеңінде өнер көрсетті. 30 маусымда Парижде 14.25 метрге секірсе, 13 шілде күні Рабатта (Марокко) 13.83 метрден әрі асқан жоқ. Дегенмен, Ольга үшін биылғы маусымдағы ең негізгі жарыс жазы Азия ойындары болатын. 30 тамыз күні Олимпиада чемпионы Жакартада 14.26 метрді бағындырып, чемпион атанды.Ал 8 қыркүйекте Чехияның Острава қаласында өткен Құрлықаралық кубоктың күміс жүлдесін еншіледі.

Енді спортшы келесі жылы Катардың Доха қаласында өтетін әлем чемпионаты мен «Гауһар лиганың» кезеңдеріне қатысуды көздеп отыр.

Дереккөз: kazathletics.kz



Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру