Жеңіл атлетика 15 Қыркүйек, 2018 (0) (262)

Ольга Рыпакова 2018 жылғы маусымды аяқтады

Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова үшін биылғы маусым аяқталды. Ол соңғы 10 күнде екі бірдей жарыста ел мерейін асырды. Алдымен 30 тамызда Жакартада өткен жазғы Азия ойындарында топ жарды.

– Азия ойындарында осымен төртінші мәрте бақ сынадым. Жеңіп алған жүлдемнің ел қоржынының толығуына себепкер болғанына қуаныштымын. Алға қойған мақсатым да осы еді, ендеше мақсатыма жете алдым. Конституция күнінде жарыс жолына шығып, мейрам күніне орай жақсы сыйлық тарту еттім деп ойлаймын. Аймақ басшысы Даниал Ахметовке жеңіл атлетиканың дамуына үлкен қолдау көрсетіп келе жатқанына алғыс білдіремін, – деді Ольга Рыпакова.

Алдағы күндері үш қарғып секіру шебері жақындарының жанында болып, сәл тынығып алмақ. Одан кейін ем-дом жаттығу жиындарын бастайды.

– Биылғы маусым мен үшін сәтті өтті. Жыл басынан Азия ойындарына дайындалған едім. ҚР жеңіл атлетика федерациясы президентінің қолдауының арқасында жаттығу процесі жоғары деңгейі өтті. Өз кезегімде басшылықтың сенімін ақтап, Азия ойындарынан алтынмен оралдым. Енді ағзаны қайта қалыпқа келтіруге арналған оқу-жаттығу жиынына аттанамын.   Сосын 2019 жылғы маусымға дайындаламыз. Келесі жылы да бізді үлкен жарыстар күтіп тұр. Сәуір айының соңында Катар астанасы Дохада Азия чемпионаты өтеді. Одан кейін қазан айында дәл осы қала әлем чемпионатын қабылдайды, – дейді спортшы.

Айта кетейік, Ольга Рыпакова алғашқы жарысын 7 маусымда Ослода өткен «Гауһар лиганың» іріктеу кезеңінен бастады. Норвегияда спортшы 14.06 метрмен шектелді. Сосын «Гауһар лиганың» тағы екі кезеңінде өнер көрсетті. 30 маусымда Парижде 14.25 метрге секірсе, 13 шілде күні Рабатта (Марокко) 13.83 метрден әрі асқан жоқ. Дегенмен, Ольга үшін биылғы маусымдағы ең негізгі жарыс жазы Азия ойындары болатын. 30 тамыз күні Олимпиада чемпионы Жакартада 14.26 метрді бағындырып, чемпион атанды.Ал 8 қыркүйекте Чехияның Острава қаласында өткен Құрлықаралық кубоктың күміс жүлдесін еншіледі.

Дереккөз: kazathletics.kz. Сурет: iaaf.org



Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру