Футбол 12 Қараша, 2018 (0) (428)

Жұлдызы жанған Жұмасқалиев

(Соңғы ойын - соңғы гол)


Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Серік Жейлітбаев, Асхат Қадырқұлов, Виктор Зубарев, Олег Литвиненко, Нүркен Мазбаев сынды кеңестік футбол мектебі түлектері ұлттық құраманың көсегесін көгертті. «Бұлар кеткен соң қалай болар екен» десті жанкүйерлер. Сол бір аласапыран заманда футболға қатысудың өзі мұң болатын. Жылдар жылжып жатты. Қазақстан құрамасы Азия құрлығында ала-құла ойын көрсетіп жүріп, 2002 жылы Қазақстан футбол одағының сол жылдардағы басшысы Рахат Әлиевтің қажыр-қайраты арқасында Еуропа футбол қауымдастығына мүше болды да кетті. UEFA ұйымына енгенде талантты бір буын қалыптасып келе жатқан. Соның ішінде батысқазақстандық Нұрбол Жұмасқалиев те бар болатын.

Алғашқы жылдар

     Негізі, Нұрболды да келмеске кеткен КСРО футболының  жартылай өкілі деп атауға әбден болады. 1987 жылы 6 жастағы Жұмасқалиев Орал қаласындағы футбол секциясының табалдырығын аттады. Араға бес жыл салып, Несіп Жүнісбайұлының мұрындық болуымен ашылған «Намыс» футбол клубының қаралымына келді. Бойы орташа, жұқалтаң келген бозбала алғашында аталмыш футбол командасында шабуылшы болып ойнағанын біреу білсе, біреу білмес. Ал кәмелеттік жасқа толар шағында БҚО-ның бас командасы «Нарында», артынша талдықорғандық «Жетісуда» доп тепті. Басы жақсы басталды деуге келмейді, әрине. Алайда талантты Нұрбол біртіндеп нағыз кәсіби футболшыға айнала бастады.

Нұрболдың жұлдызды шағы 2000 жылдардың басымен тұспа-тұс келді. Қостанайдағы «Тобыл» футбол клубының бас бапкері Дмитрий Огай оны командасына шақыртып, сенім білдірді. Алғашқы маусымда-ақ 22 ойын ойнап, 9 рет мергендік танытқан Жұмасқалиев команда көшбасшысы болып, ұлттық құрама жаттықтырушыларының көзіне түсті.

Бұдан кейін футболшының мәнсабы бас айналарлық деңгейге жетті. 2001-2005 жылдары Қазақстанның үздік жартылай қорғаушысы, беделді GOAL басылымының  нұсқасы бойынша үздік ойыншы атанса, Қазақстан футбол федерациясы да араға екі жыл салып, оны теңдессіз деп таныды.

Еурокубок жорықтары

     Еурокубоктық маусымдарда да Нұрбол мен оның командасы Еуропаны «шулатты». Әрине, ол чемпиондар лигасында немесе UEFA кубогында емес. Еуропаның ортаңқол клубтарына арналған Интертото кубогына «Тобыл» екі рет қатысты. Соның бірінде аталған кубок иегері де болды. Нұрбол команданың моторы іспетті. Оның  швейцариялық «Базелге», түріктің атақты «Галатасарайына» және босниялық «Зриньскиге» соққан голдары өз алдына бөлек әңгіме. Ол Данияр Мұқанов, Гаркуша сияқты командаластарымен тамаша тіл табысып, алаңда дирижерлік қызмет атқарды. Бірнеше рет Қазақстан чемпионатының вице-чемпионы, қола жүлдегері бола жүріп, 2010 жылы өз дегеніне жетіп, ел чемпионы атанды. Айтпақшы ел біріншілігінің жеңімпазы болған ойында Нұрбол «Атырау» қақпасына гол соққан. 10 маусым бойы қостанайлық фанаттардың көзайымына айналды. 2007 жылы Қазақстан кубогын да «Тобыл» қанжығасына басқан.

Ұлттық құрама

20 жасында Эстонияға қарсы ойында алғаш рет алаңға шықты. Көптеген ойындарға қатысты. Армения құрамасына екі доп соққан. Ал 2007 жылдың 24-наурызы ол үшін ғана емес, күллі Қазақстан футболы үшін тарихи сәтке айналды. Алматының Орталық стадионында Сербияға Қайрат Әшірбеков екеуі бір-бір голдан салып, жеңіске жетті. Арно Пайперстің кезінде ол ұлттық құраманың нағыз көшбасшысына айналды. Кейіннен Шторк бірде шақырып, бірде шақырмай жүргені болатын. Мирослав Беранектің «қорқақ» футбол үлгісіне ол мүлде керек болмай қалды. Ресей маманы Юрий Красножан Нұрболды Литвамен өткен ойынға шақырған және ол оның соңғы ойыны болды. Тіпті сол матчта гол соққан Жұмасқалиев 58 ойында 7 доптың авторы атаныпты.

«Спартакқа» ауысуы мүмкін еді

     Осындай потенциалы бар Жұмасқалиев неге шетелде доп теппеді? Заңды сұрақ. Мәскеулік «Спартакқа» ауысуға мүмкіндігі болған Нұрбол сол клубпен бірге жаттығып көрді. Алайда бұйырмай тұрған болар, кім білсін, елге қайтып оралды. Сол кездері ағылшын премьер-лигасы, бундеслига командалары қызығушылық танытыпты деген сыбыстар да болды.

«Локомотив» пен «Ертіс» сапындағы жылдар

     2011 жылы астаналық «Локомотивке» еркін агент ретінде ауысқан ол бір қызығы, Қазақстан суперкубогында бұрынғы командасы «Тобылды» жеңіп алғашқы жүлдесін жеңіп алды. Маусым барысында кейде капитан бола жүріп, 33 ойында 10 гол соғып, ұжымдағы ең пайдалы ойыншыға айналды. 2017 жылғы маусымда «Ертіс» командасында төрт ай жүріп, 7 матчқа қатысты.

Соңғы маусым

Биылғы маусымда Нұрбол Жұмасқалиев небәрі 10 матчқа қатысты. 37 жаста бәзбіреулер шау тартса, оныкі ерлікпен пара-пар. Кешегі «Қызылжармен» өткен ойында гол соғып, ел біріншілігінің қола жүлдегері атанды, сөйтіп өзінің футболшы мәнсабын керемет тәмамдады.

Жалпы алғанда Нұрбол 20 маусымда Қазақстан чемпионатының 521 ойынына қатысып, 166 гол соққан.

Аршавин, шапан немесе «Тобыл» өз тарихындағы үздік ойыншысын құрметпен шығарып сала алды ма?

Кеше ел чемпионатының кезекті маусымы мәреге жетті. Алматылық «Қайрат» сапында 3 маусым бойы тер төккен Ресей футболының жұлдызы Андрей Аршавинге ерекше құрмет көрсеткен ұжым, Андрей есімді жанкүйерлерді алаңға тегін кіргізді. Бұл ардагер ойыншыны шығарып салудың  тамаша үлгісі болатын. Оған шапан да жабылды.

Ал «Тобыл» ше? Нұрболға Аршавиннен асып түспесе, кем құрмет көрсетілмеуі тиіс еді. Себебін жоғарыда тізбелеп өттік. Тек командаластары ғана оны төбелеріне көтерді. Бір кем дүние...


Мадияр Арстанбаев

Фото: tengrinews.kz, «Тобыл» футбол клубының ресми сайтынан.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру