09 Желтоқсан, 2018 (0) (179)

Абзал Әжіғалиев Алматыдағы әлем кубогі кезеңінің қола жүлдегері атанды

Шорт-тректен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Абзал Әжіғалиев Алматыда өтіп жатқан әлем кубогі кезеңінде қола жүлдегер атанды.

500 метрлік жарыста Абзал канадалық Самуель Жирар мен венгриялық Шаолин Люге есе жіберді. 

Әжіғалиев өз жерімізде өткен кубоктік додада бірнеше жарысқа қатысты. Атап айтар болсақ, кеше 1000 метрге жарысудан финалға жетіп, бесінші орынға табан тіреді. Сондай-ақ, эстафетада сынға түсті. 

«Кеше 1000 метрлік қашықтықта бақ сынап көруді ұйғардым. Әдетте, мен бұл қашықтықа жүгірмейтінмін. Ширек финалда сүрінетін шығармын деп болжағам, бірақ финалға жеттім. 500 метрлік жарыстың ширек финалы айтарлықтай қиын өтті. Жартылай финалға өте мықты спортшылар жиналған. Үш кореялық және бір венгриялық шорт-трекшіге қарсылас атандым.

Финалға келер болсам, жарыс басталған сәтте сүрініп кеттім. Дегенмен, тез арада жиналып, үздік үштікке енгенім үшін қуаныштымын. Биылғы маусымды әлем кубогінің күміс жүлдесімен бастаған едім. Енді өз жерімде жүлдеге ілігудің сәті түскені үлкен бақыт.

Залға келген барлық жанкүйердің алдындағы жауапкершілік жоғары болды. Бізге қолдау көрсеткендерге көп рахмет! Осы додадан соң алтынға таласатын мүмкіндігім бар екенін сезіне бастадым», - дейді Абзал Әжіғалиев. 

Еске сала кетейік, Абзал Әжіғалиев Калгариде өткен әлем кубогінің алғашқы кезеңінде күміс жүлдегер атанды. 


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру