Alaman Ақпарат 09 Желтоқсан, 2018 (0) (138)

Конфедерация Кубогі мәресіне жетті

Бүгін Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы кубогінің финалдық бәсекелері өтті.

Бокстан финалдық бәсекеде Түркістан облысы мен Маңғыстау облысы кездескен болатын. Өте тартысты өткен кездесуде 5:4 есебімен Маңғыстау облысы жеңіске жетті. 

Кездесудің негізгі уақыты 4:4 есебімен тең аяқталды. Түркістан облысы сапынан С. Бибосынов, Қ. Ерәлиев, Н. Райыс, Б. Нұрмағамбеттер жеңіске жетті. 

Маңғыстаулық боксшылар қатарынан С. Толтаев, М. Өскенбек, Б. Нұрдәулетов, А. Дәуренұлы қарсыластарына дес бермеді.

Қосымша жекпе-жекте маңғыстаулық Б. Жедібаев намысқа тырысып, өз командасына жеңіс әперді. 

Осылайша, бірінші орынды Маңғыстау, екінші орынды Түркістан облысы иеленді. Үшінші сатыда Қарағанды облысы мен Астана қаласы боксшылары. 

Қазақ күресінен Қарағанды облысының балуандары жеңімпаз атанды. Финалда Қарағанды облысы мен Алматы қаласының командалары кездескен болатын. Шешуші жекпе-жекте қарағандылық балуандар 5:3 есебімен жеңіске жетті. 

Қарағанды облысы сапынан Дәулет Ниетбай, Еламан Қуанбай, Қайрат Ағыбаев, Қайырғали Төлепберген, Әбдіқасым Саханов, Бекзат Ахметбековтер қарсыластарынан басым түсті. 

Қазақ күресінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер тізімі төмендегідей: 

1. Қарағанды облысы

2. Алматы қаласы

3. Астана қаласы


"Классиктер" бәсекесінде Алматы қаласы мен Алматы облысының балуандары белдескен болатын. Тартысты жекпе-жектер нәтижесінде 4:2 есебімен Алматы облысының командасы жеңімпаз атанды. 

Алматы облысы сапынан Нұртай Нұрғалиев, Демеу Жадыраев, Асхат Ділмұхамедов және Санжар Темірбек жеңіске жетті.

Ал Алматы қаласы командасынан Бағлан Жақанша мен Дамир Күзембаев көзге түсті. 

Конфедерация кубогінің қола жүлдегерлері қатарында Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысының балуандар бар. 

Таеквондошылар финалында Түркістан облысы мен Алматы қаласының спортшылары кездескен болатын. Ақтық сында айқын басымдылықпен алматылықтар жеңіске жетті. Есеп: 82:42. 

Алматы сапында Әділет Базарбаев, Ерасыл Қайырбек, Азамат Теңізбаев, Рахым Әділханов және Сағыныш Шымырбай жеңіске жетті. 

Осылайша, Алматы қаласы таеквондодан Конфедерация кубогінің иегері атанды. Екінші орында Түркістан облысы, үшінші сатыда Павлодар облысы мен Шымкент қаласының командалары. 

Биыл Шығыс Қазақстан облысының балуандары еркін күрестен чемпиондық атақты ешкімге берген жоқ. 


Еркін күрестен финалдық сында Астана қаласы мен ШҚО балуандары кездескен болатын. 

Тартысты кездесулер нәтижесінде 4:2 есебімен жеңіске жетті. 

Қос команда өкілдерінің арасында 74 келідегі белдесу аса тартысты өтті. 

Азия ойындарының күміс жүлдегері Данияр Қайсанов пен әлем чемпионатының жүлдегері Нұрлан Бекжанов арасындағы сында айқын басымдылықпен Бекжанов жеңіске жетті. 

Ең соңғы болып дзюдошылар арасындағы жеңімпаздар анықталды. Ақтық сында Атырау облысы мен Қарағанды облысының дзюдошылары жолыққан болатын. 

Шешуші сында 4:2 есебімен Атырау облысы жеңіске жетті. Бұл кездесуде 90 келідегі Сұңғат Закарияев пен Ислам Бозбаевтың арасындағы жекпе-жек жанкүйерлер қызығушылығын тудырды. 

Кездесу басталған бетте Бозбаевты "иппон" әдісімен жеңген Закарияев командасына маңызды ұпай сыйлады. 

Атырау облысы командалық сында биылғы Қазақстан чемпионатында да топ жарғанын еске саламыз.





Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру