Күрес 18 Қаңтар, 2019 (0) (454)

Қазақ палуанына Лондон Олимпиадасының қола жүлдесі табысталады

Осыдан жеті жыл бұрын өткен Лондондағы Олимпиада ойынында 125 келіде күрескен еркін күрес шебері Дәулет Шабанбай ширек финалда сүрінген. Оны жеңген қарсыласы грузиялық  Давид Модзманашвили финалға шыққандықтан біздің палуан үшінші орын үшін таласуға мүмкіндік алған. Өкініштісі сол Дәулет үшінші орын үшін белдесуде Дәулет Ресей елінің намысын қорғаған Біләл Маховқа есе жіберіп жүлдеден тыс қалды.

Араға жеті жыл салып Халықаралық Олимпиада Комитеті  Дәулетті жеңген Давид Модзманашвилидің нәтижесін жоққа шығарды. Белгілі болғандай грузиялық палуан допинг сынамадан сүрінген. Дәлірек айтсақ Давид Модзманашвилидің қанынан туринабол іздері табылған. Енді оның жеңіп алған күміс жүлдесі үшінші орын алған Біләл Маховқа табысталмақ. Сәйкесінше Біләлдің қоласы қазақ баласы Дәулет Шабанбайға бұйырады.

Давид Модзманашвили қазіргі таңда Өзбекстан құрамасының намысын қорғап жүр. Соңғы Азия чемпионатында қарсылас шақ келтірмей чемпион атанған, ал Джакартадағы Азия ойындарына осы допинг дауына байланысты қатыспаған.

Дәулет Шабанбай да әлі бозкілемнен кете қойған жоқ. Ол алдағы ақпанда Шымкентте өтетін Қазақстан чемпионатына қатысады деп күтілуде.

Бүгінгі күнге дейін еркін күрестен Олимпиада ойындарында жүлде алған бес қазақстандық болатын. Олар Мәулен Мамыров(қола), Ислам Байрамуков(күміс), Геннадий Лалиев(күміс),  Марид Муталимов(қола) және Ақжүрек Таңатаров(қола). Ендігі жерде бұл палуандармен бір қатарда Дәулет Шабанбайдың да есімі аталады.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру