Қысқы спорт 13 Ақпан, 2019 (0) (114)

Юлия Галышева: Менің ендігі мақсатым - Хрусталь глобусты иелену

Фристайл-могулдан әлем чемпионы Юлия Галышева ҰОК баспасөз қызметіне кең көлемді сұхбат берді.


Спортшы әйгілі Дир-Вэлли бөктері мен азулы қарсыластары жөнінде сыр шертіп, әлем біріншілігінің алтыны мен Олимпиаданың қоласы арасындағы өзара байланысты атады. 


«Жарыстың екінші күнінде де жүлдеге іліксем деген мақсатым болды. Бірақ аздап шаршағаным кері әсерін тигізді. Өйткені, біріншілік маусым орталаған тұста өтті. Осыған дейін қаншама жарыста бақ сынадық. Адам азғасының бәріне төзе беруі мүмкін емес. Яғни, параллельді могулда медальсіз қалғаныма өзімді де, бапкерлерді де кінәламаймын. Мен олимпиадалық могулдан алтын алғым келген, сол жоспарымды орындағаным үшін бақыттымын», - дейді Юлия. 


Галышева былтырғы Олимпиада ойындарының чемпионы Перрин Лаффон (Франция) арасындағы теке-тіреске де тоқталып өтті. Оның ойынша, әйелдер арасындағы могулда үнемі бір ғана көшбасшының болуы мүмкін емес.


«Біз бәріміз бірдей жағдайда жаттығамыз. Олимпиаданы Лаффон емес, өзге спортшы да ұтуы мүмкін еді. Өйткені, бұл – спорт. Перрин үнемі үздіктер қатарында жүреді деп айта алмаймын. Дайындық да, жарыс жолы, тіпті, сайыс алдындағы көңіл-күй де әртүрлі ғой. Кейбіреулер қар жауып тұрғанда, енді біреуі күн шыққанда жақсы сырғанайды. Біздің спортта мұның бәрі ақырғы нәтижеңе әсер етеді», - дейді әлем чемпионы. 


Қазақстандық спортшы әлем чемпионаты өткен әйгілі Дир-Вэлли бөктеріндегі қиындықтарды да назардан тыс қалдырмады. 

«Жас спортшыларға ғана емес, бізге де қиын соқты. Себебі, бөктердегі төбешіктер үлкен. Тіпті, шамадан тыс үлкен дер едім. Оның үстіне, қар қалың жауды да, шаңғымызғы жабыса бастады. Соның салдарынан біз трамплиннен асып кетіп немесе жетпей қалып жаттық.  Бір сөзбен айтқанда, сол бөктерге үйренісуге тура келді. Жарыстың түнгі уақытта өткені маған ұнады. Жарық әдемі түсті де, ұшу жолағында келе жатқандай сезіндім. Қар қалың болса да, жарыс жолы анық көрініп тұрды», - дейді ол. 


Юлия Галышева параллельді могулдағы көпшілік күмән келтірген нәтиже туралы да айтып өтті. 


«Әлі бейнеқайталауды көрмедім. Бапкерлер ұпай беруде төрешілердің сараңдық танытқанын айтады. Бірақ мұны талқылап үлгермедік. Уақыт бойынша мен көпшілігінен алда едім, оның үстінде акробатикалық элементтерім қиын саналады. Бірақ бұл субъективті спорт түрі ғой. Кеше мен ұтсам, бүгін басқа біреу жеңеді», - дейді спортшы. 


Юлия Галышеваның ендігі арманы - могулдан әлем кубогі кезеңдерінің жеңімпазына берілетін Хрусталь глобус. Бүгінде қазақстандық спортшы жалпы есепте төртінші орында келеді. Десе де, ол өзінің басты мақсаттарының бірі осы глобусты иелену екенін айтады. Сондай-ақ, Галышева барша жанкүйерді 2-3 наурыз күндері Алматыда өтетін могулдан әлем кубогінің финалдық кезеңін тамашалауға шақырды. 


ҰОК ресми сайты


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру