Күрес 15 Ақпан, 2019 (0) (615)

Нұрбек Мықтыбеков: Адами ізгі қасиет спортшылардың басты қаруы болуы тиіс

Алматыдағы Кәркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне қарасты Дзюдо академиясының ашылғанына үш жылдай уақыт болды. Жеткен жетістіктерін тізбелеу артық болар, әрине. Дегенмен қайығы желге өрлеп тұрған академияға кіре қалсаңыз, керемет атмосфераның куәсі болатыныңыз анық.

Барлық жеңістің бастауы бапкерлер екені анық. Сол себепті бұрынғы спортшы, жасөспірімдер арасында дзюдо мен самбодан Қазақстан чемпионы, бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері, спорт шебері, қазір дзюдо бөлімінің аға жаттықтырушысы Нұрбек Мықтыбековпен сұхбат құрып қайтқан едік. Соны назарларыңызға ұсынамыз.

-         Нұрбек мырза, таяуда «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы» атағына ие болдыңыз. Құтты болсын!

-         Көп рахмет!

-         Мұнда қызмет етіп жүргеніңізге қанша болды?

-         Үш жылдай болды. Бірнеше жетістігіміз де бар. Жастар және жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарында бірнеше жүлделерге ие болдық.

-         Өткен жылы күзде Польшаның Олесница қаласында өткен халықаралық турнирде дзюдодан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы жалпыкомандалық есепте 1-орын алды. 21 елден 300-ден астам дзюдошы қатысқан жарыста топ жарудың құпиясы неде?

-         Польшадағы жарыс өте ауқымды, үлкен турнирлердің бірі еді. Дәстүрлі дода жыл сайын өтеді. 2017 жылы  командамыз екінші орыннан көрінсе, өткен жылы жалпыкомандалық бірінші орынды жеңіп алдық. Еуропаның айтулы құрамалары болды. Құпия дейтіндей ештеңе жоқ. Спортшыларымыз тыңғылықты дайындалып барды, спорттық бабына енген, себебі жылдың соңы болатын. Әлем чемпионаттары өтіп, алда жауапты жарыстар болмаған соң, осы бәсекеге барынша дайындалған балаларымыз ешкімге бейіл бермеді.

-         Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада чемпионы Бекарыс Садуақастың бапкерісіз. Оның үлкен додада топ жаруы сізге "Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы" атағын алуға қаншалықты әсер етті?

-         Алдымен Бекарыстың ауылдағы алғашқы жаттықтырушысы Азамат Балпухов туралы айта кеткім келеді. Баланың спортшы болып қалыптасуына сол кісінін ықпалы мол болған екен. Оны бәріміз байқадық. Менің бұл атақты алуыма тек оның Олимпиадада топ жаруы себеп болды деп айта алмаймын. Басқа да қыз-жігіттер бар. Тіпті еңбегім сіңді деп отырған жоқпын. Керісінше өзімді қамшылай түсерім анық.

-         Нұрбек, сіз жастарды жай ғана жаттықтырып коймай, сонымен қатар, олардың санасына адамгершілік, ұлтжандылық сияқты ізгі қасиеттерді сіңіріп жүрсіз. Қашан қарасақ та, ертеден қара кешке дейін залдан шықпайсыз. Жалпы бапкерлік пен ұстаздықты қатар алып жүру қаншалықты ауыр немесе жеңіл?

-         Әр жаттықтырушының міндеті алдымен адам дайындау деп ойлаймын. Ұлтын сүймесе, тілін білмесе, елін құрметтемесе, онда біздің ұтылған тұсымыз сол болар еді. Құр чемпион баптаудың қажеті қанша? Ертең келешек ұрпаққа қандай есеп береміз? Адами ізгі қасиет спортшылардың басты қаруы болуы тиіс. Мен ғана емес, жалпы осындағы әріптестеріміздің барлығы жастардың санасына тек жақсылықтың дәнегін егіп жүргеніне сенімдімін.

-         Ие болған атағыңыз өміріңізді қаншалықты өзгертеді немесе екі есе жауапкершілікті алып жүру қиынға соқпай ма?

-         Қосымша мотивация үшін керек дүние шығар. Негізінен, өзімнің алдымдағы үлкен бапкерлердің жетістігі, жүрген жолы жауапкершілік жүктейді. Өмірімді өзгерте қоймас, бірақ еңбектің еленгені де дұрыс деп ойлаймын.

-         Жақында ғана дзюдодан Таразда өткен Қазақстан чемпионатында шәкірттеріңіз тағы биіктен көрінді. Алдағы жоспарларыңызды айта отырсаңыз...

-         Иә, Қазақстан чемпионатына қатысып келдік. 4 шәкіртіміз чемпион атанды, жүлдегерлеріміз де жоқ емес.  Бұл шетелдік жарыстарға іріктеу ретінде де болады бұл жарыс.Тағы бір айта кетер жағымды жаңалығымыз да жоқ емес. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты Алматы қаласында өтуі тиіс. Бұл туралы шешім шығып та қойған екен. Бұл енді үлкен мүмкіндік болмақ. Алдағы жоспарымыз, Еуропа, Азия кубоктарында топ жару болып тұр.

Осы уақытқа дейін Кеңес Хамитұлы Рақышев федерацияны басқарып келсе, қазір Қайрат Пернешұлы Қожамжаров тарапынан тек қолдау көріп отырмыз. Мақсатымыз айқын, жоспарымыз жүзеге асады деп ойлаймын.

-         Үміт күттіріп отырған шәкірттеріңізді атай кетесіз бе?

-         Бөліп-жарып айта алмаймын, өте көп. Уақыт көрсетер, алда талай додалар күтіп тұр, топ жаратын жампоздарымыз көп болсын.

-         Стандартты сұрақ қояйын. Бапкер ретіндегі және қарапайым адам ретіндегі арманыңыз қандай?

-         Арман көп. Жастарды дұрыс жолға салып, олардың жеңісін көрсек деймін. Шәкірттеріміз тек спортшы ғана емес, қоғамның барлық саласына пайдасын тигізер азамат болып өссе, бұдан артық арман болмас.

P.S. Таяуда Тараз қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатында  Аслан Лес, Тілеген Тынарбай пен Нұрдәулет  Дәулет 1-орынды иеленсе, Қазбек Ракишев қола жүлде еншіледі. Сондай-ақ қыздар арасында 40 келі салмақ дәрежесі бойынша Аяжан Әзім мен 48 келіде Аружан Ережепова 3-орыннан көрінсе, 70 келіден жоғары салмақта белдескен Карина Такиева күміспен күптелді. Ал 70 келі салмақ дәрежесі бойынша Даяна Белгібаева алтыннан алқа тағынды.

Сұхбаттасқан: Мадияр Арстанбаев


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру