Жекпе-жек 15 Наурыз, 2019 (0) (480)

Қазақтың Брюс Лиі Арман Оспановты UFC шыңынан көре аламыз ба?

«Сұңқар» лақап атымен белгілі спортшымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.


Арман Оспанов қазіргі Түркістан облысы, Төлеби ауданында дүниеге келген, жергілікті самбо мектебінің жарқын өкілі. Жауынгерлік Самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы, джиу-джитсудан әлем кубогының, Азияның екі дүркін чемпионы, кезінде «Аlash Pride» құрамында өнер көрсетіп, аралас жекпе-жек өнеріндегі керемет шеберлігінің нәтижесінде ММА алаңдарында талайларды тамсандырып, таңқалдырған бірегей спортшы.



- Бірінші сұрақты болашақтан бастасақ.  Сізді UFC-ден қашан көреміз? Ол үшін қандай қадамдар жасалынып жатыр?
- Ер жігіт, адамзат болғаннан кейін әрине армандар көп. Армандар бар. Болашақты көп ойлаймыз. Өткеннің бәрі сабақ болып келіп жатыр. Осы бағытта, яғни кәсіби спортта жүргеннен кейін соның шыңына шықсақ деген мақсат бар. Аллаға шүкір осы күнге дейін жеткен жетістіктеріме, абырой-атақ бергеніне. Сол мақсаттың бірі - UFC шыңынан көріну. Ол үшін қазір әрине жұмыстар жасалынуда, жоспарлануда. Өзімнің менеджерлеріммен ақылдасудамын, осы жылдың ішінде немесе алдағы жылы көріп қалуларыңыз мүмкін. 

- Халық арасында Қазақстандық Брюс Лиі деген атағыңыз бар. Бұл атақ қалай шықты?
- Жалпы Брюс Ли деген атақты xалық өзі берген болар. Негізі Брюс Ли өзімнің жақсы көріп өскен актёрымның бірі. Бала кезде менің себепшім әкем Мұстафа Өзтүріктің, Қажымұқанның және Брюс Лидің кітаптарын алып келіп беретін. Соны оқып, қызығып өскеніміз бар. Халық қазақтың Брюс Лиі деп айтатын себептері де бар шығар, бір қарағанда стильдеріміз келетін сияқты. 

- Полпудниковпен кездесуден кейін қазылар алқасына деген xалықтың наразылығын көрдіңіз. ACB бұл оқиғаға байланысты қандай ақпарат берді?
- Иа, айта кететін жағдай. Халық өзі көрді, өз бағасын берді. Ол Москвада өткен кездесу негізі екінші реванш болатын. Бірінші кездесу 2013-ші жылы Қазақстанда өзіміздің елбасы мен Ресей президенті Путиннің алдында жеңген болатынмын. Негізі екінші кездесудің өтуі қажет емес еді, бірақ ACB тұжырымдамасы бойынша кездесуге тура келді. Төрешілердің шешімі бойынша солай болды, xалық та өз наразылығын білдірді. Біз де көңіл-күйсіз қайтқан болатынбыз. Жеңіс бізде екені көрініп тұрды, десе де шешім солай. Алдағы уақыттарда тағы да, кездесіп қалуымыз мүмкін.

- Он кездесудің екеуі сәтсіз болды. Жеңіліске себеп болған қандай қателік деп ойлайсыз? 
- Сәтсіздіктер иә болды. Ең таңдаулы турнир Алматы Аренада өзіміздің Алматы Әкімдігімен, ACB және «Alash Pride» промоутерлерінің ұйымдастыруымен өткен. Осы жерде мен Бразилиялық Сильва есімді  спортшыға есе жібердім. Жарыс алдында мен Дағыстан елінен жарақат алып қалып, ота жасатып қайтқан едім. Қазақ елінде болып жатқаннан кейін, қарсылық білдіре алмадым. Намысқа тырысып, еліміздің мерейін көтеру үшін шыққан болатынмын. Сәтсіз кездесу деп осы кездесуді айтсам болады. Ал Полпудниковпен болған кездесуді мен сәтсіз деп айта алмаймын. "Жеңілгеннің сөзі құрысын" , -дейді ғой қазақта, көп нәрсе айтуға болады енді, бірақ оның бәрін сабақ ретінде қабылдаймын. 

- Қазақстандық жанкүйерлердің өз спортшысына деген қолдауын қалай бағалайсыз? Жеңген сәттерде ғана көкке көтеріп, жеңілсең жерге жығуға дайын екендігін байқатпайды ма? 
- Ел алдында абыройың үстем болып және сол жасалып жатқан еңбегіңді xалық бағалап жатса, ол да үлкен жеңіс біз үшін. Ал енді кейде жанкүйерлерге әттең-ай дейтін уақыттар да болады. Әр адамның өзінің ойы, сыны мен міні бар. Сыншыл xалықпыз ғой біз. Бірақ әрине барлығын көтеруге тырысамыз. Біз спортта жүрген соң, күрделі жаттығуларымыз бар дегендей. Кейде қолдау көрсетіп, арасында мін тағып, сынап жатады, ал спортшының жағдайын ешкім ойлай бермейді. Оның жеке өмірінің, жан-дүниесінің, яғни руxани жағдайының байыбына бармайды. Ол жағын біз әрине жарияламаймыз, бізді тек қана жарыс алаңынан ғана көріп үйренген ғой, біздің де жеке өміріміз барын ұмытып кететін сияқты. Не үшін ұтылғандығының себебіне барып жатпай, жерге ұрып жатады. Көтере білеміз әрине, оның бәрін көңілге ала берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Уайым-қайғыны ойлап жатудың өзі дұрыс емес, біріншіден спортшы өзін жегідей жеп қойғаннан кейін, нәтиже бере алмайды. Өзін жоғалтып алу қауіпі де бар. Спорт ол біздің кәсіп болғаннан кейін оған тиянақты қарап, алға жылжу керек.

- Кәсіби спортпен қашанға дейін айналысу ойыңызда бар? 
- Кәсіби спортпен қазір айналысудамын. Әлі де айналысамын деп айта аламын. Өйткені ол менің табыс көзім. Осының арқасында бала-шағамды, жанұямды қамтамасыз етіп отырмын. Оған қоса еліміздің туын биікке көтеріп, абыройын қорғап жүрмін. Бірақ біздің спортта көзге көп көріне бермейтін қиындықтар бар, жарақат алып қалу каупі өте жоғары. Кәсібін аяқ асты тоқтатып кететіндер де болып жатады, түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Сол себептен осы спортпен қоса мансап бар кезде, қоғамдық жұмыстарға да араласып жүрген дұрыс деген ойдамын. Ары қарай ұстаздық етіп кетуге де әр кез дайын болу керек. 

- Қоғамдағы қандай мәселе сізді алаңдатады? 
- Әрбір қазақ, әрбір жас өз істерімен түпкілікті шынайы айналысатын болса, қоғамның бір-біріне деген уақыты да болмайтын еді. Мені алаңдататын жағдай қазіргі жастардың бір-біріне мейірімділігі, құрметі және намысшылдығы яғни патриотизм кеміп бара жатқан секілді. Жалпы жастар ақша, мансап емес елім, жерім деп алаңдайтын заман деп ойлаймын. Жұмыссыздық, шенеунік ағаларымыз туралы айтып жатады, оны айта берсең мәселе көп, бірақ біз олардың орнында емеспіз, сондықтан оларды даттап сөйлеген де дұрыс емес. 

- Sony Playstation ойынында өзіңізді көргіңіз келетінін айтыпсыз? Жалпы достарыңызбен ойынға көп барасыз ба? 
- Бұл ойын қазіргі уақытта жоғары сұранысқа ие. Бұрынғы Sony ойыны қазір осындай деңгейге дейін өскен. Көп жастардың ойнайтын ойыны. Теледидардан әнші, актёрларды көріп-біліп тұрамыз. Сол сияқты популяция ретінде осы ойында да бір қазақ болса екен деген ойым бар еді. Егер Алла қалап UFC-мен келісімге отырып жатсақ, нәтиже шығарып, мықты өнер көрсете білсем, өзімді осы ойынға енгізіп, қазақ жастары мені таңдап ойнаса деген жоспарым бар. Ол - біз үшін үлкен дәреже. Соған сай өнер көрсетсек, нұр үстіне нұр болатын еді. Үлкен бір тариxта қалармыз деген мақсатым ғой. Өзім, иа Sony Playstation ойынын ойнап тұрамын.

- Жекe өміріңізге келсек, спорттан бөлек немен айналысқанды ұнатасыз? 
- Жеке өмірім ешқандай жасырын емес. Әншілер сияқты жанұямды көрсетпеу деген ондай жоқ. Біз енді спортшы болғаннан кейін сәл қарапайымдау, ұстамды келеміз. Жанұяма келер болсам, төрт қыздың әкесімін. Алланың берген ақылды да, сұлу қыздарыма көп уақыт бөлемін. Уақытымды қыздарымның тәрбиесіне көбірек мән беруге жұмсаймын. Ол -  біздің әке-шешенің аманаты. Ең бірінші капиталды бала-шағаға құю керек, сол кезде текті ұрпақ болары анық. 

- Келешек жастарға айтарыңыз бар ма? 
- Өзім де жаспын, жастардың қатарындамын (күлді). Көбінесе үлкен кісілерден бата алып, ақылын тыңдап жүру керек. Еліміздің дамуына үлес қосып, ақпараттық желілерге көп еріп, уақытты құр жоғалтпау керек. Әркімнің өз ойы болса, ар-намысын биік ұстаса. Бір-бірімізге деген құрмет, ізет күшейсе деп тілеймін. Бір-бірімізді жамандаумен емес мақтаумен болайық! 

- Үлкен раxмет, сізге сәттілік тілеймін!



Сұхбаттасқан: Альмира Жасболатқызы



Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру