Жекпе-жек 27 Наурыз, 2019 (0) (2167)

Арман Әшімов: Кез келген қарсыласпен жекпе-жек өткізуге дайынмын

Қазақстандық жекпе-жек шебері Арман Әшімов 30-наурыз күні Алматыда М-1 CHALLENGE 101 аясында жекпе-жек өткізеді. Айтулы кездесу қарсаңында Арманнан азды-кем сұхбат алған едік.

Әңгімемізді жалпы спортқа келуіңізден бастасақ? 

-Ең алғаш спортқа мен 7-ші сынып оқып жүргенде досымның шақыртуымен бокс залына бардым. Оған дейін анда-мында бір барып, жүрген кезіміз. Ол кезде спортпен айналысатындар күшті еді ғой. Спорттың xит кезі.(күлді) Бокс ұнады, бапкерлерімде жақсы тартып, 6 жыл қалай өткенін байқамай да қалдық. Үлкен спортқа келуіме бірден-бір жол ашқан осы бокс десем болады. 


-Жетістіктің бастауы көбінесе жаттығуға байланысты. Қазіргі жаттығу тәртібіңізді айтып өтсеңіз? Қанша уақыт арнайсыз?

 -Жеңіс көбінесе еңбектің арқасында немесе Алла тағала берген таланттың арқасында келеді. Тиімді қолдана білсең әрине. Негізі 90 пайызы еңбекпен жетеді дегенге толықтай қосыламын. Қазір жаттығу Алла шүкір тыңғылықты, жақсы өтуде. "Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін", - дейді ғой қазақта. Менің жеке өміріме Алла өзі бақ берді деп те ойлаймын, үлкен додаларға шығып, бақ сынап жүрмін. Қазағымның туын көкке көтеріп жүруге мүмкіндік бергені үшін де шүкіршілік айтамын. Мен үшін ол үлкен мәртебе. Қазіргі жаттығу тәртібіме келер болсақ, жарыс алдында күніне екі уақыттық яғни таңертең және кешке жаттығу жасау үстіндеміз. 


- Арманнан арманы жайлы сұрасақ?

-Арманның бір үлкен арманы бар, жатсам да тұрсам да барлық қазақ елі жәннәттіқ болса екен деп армандаймын. Тағы бір тілейтінім осы бір он жыл ішінде қазағым 100 миллионға жетсе деймін. Нұр үстіне нұр болатын еді. Біз бір мықты державаға айналсақ, қандай күшті ел екенімізді күллі әлемге дәлелдесек деймін. Қазір де шүкір 17-і миллон xалықтың ішінен Олимпиада чемпиондары, Әлем чемпиондары Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері көбейіп келеді. Қуантады әрине. 


- Шаршы алаңдағы сіз үшін ең киын болған жекпе-жек? 

-Ең қиын болған жекпе-жек қателеспесем 2015-ші жылы Астаналық Салауат бауырымызбен өткен жекпе-жек. Жолдан түсе салысымен, өлшену рәсімі өтіп, одан кейін жарыста басталып кеткен еді. Сол кезде бір қатты шаршап, қиналғаным бар. Одан бері барлық жарыс жақсы өтті, физикалық тұрғыда барлығын көтеретін болдық. Есімде қалғаны осы екен.(күлді)


- Соңғы кездері жеңілістер болып жүр. Соның себебін іздеп көрдіңіз бе?

 -Иә, мен кейінгі екі жекпе-жегімде Доскальчуктан және Талғат Жұмабаев бауырымыздан жеңіліс таптым. Ұтылдық деуге болмас, өйткені біз бапкерлерімізбен алдын-ала келіскен болатынбыз, бір-бірімізді қатты ұрмауға, жарақаттамауға. Өзіміздің қандас бауырымыздан ұтылу, ол мен үшін жеңіліс емес.  


-Денсаулығыңыз қалай жалпы? Қазіргі физиологиялық деңгейіңізге көңіліңіз тола ма?

 -Денсаулығым Алла шүкір жақсы, раxмет. Денсаулығым тоқал алуға жетіп тұр.(күлді) Физилогиялық деңгейім сол бір қалыпты, жақсы. Сол бір жаттығулар, сол бір дайындық. Жалпы жаман емес.


- Александр Доскальчукпен реванш жекпе-жегі қашанға жоспарлануда?

 -Александр Доскальчук UFC-ға кетіп қалып жатпаса. Мен алдағы жекпе-жектерімді ұтып жатсам, кездесе жатармыз деген ойдамын. 


-Сізге бір қызық сұрақ болсын, сегізбұрыштағы білетініңізді шынайы өмірде пайдаланып көрдіңіз бе?)

 -Сегізбұрышқа шыққалы бері қолданып көрмедім. Бірақ жас кезде қызығушылықпен ба, еліктеумен ба әйтеуір көшеде төбелескен кездер болды. Қазіргі таңда ойлаймын көшеге жұмсаған күшімді, сегізбұрышта дәлелдеген дұрысырақ деп. Жарақат алып қалу қауіпі бар және xалықтың алдында жүргендіктен ондай жерден ауаша жүруге тырысамыз қазір. 

-Жеке өміріңізге келсек. Спорттан бөлек немен айналысқанды ұнатасыз? 

-Жеке өміріме келер болсақ, 2017-ші жылы үйлендім. Отбасым бар. Спорттан бөлек, достарыммен жиналғанды, серуендегенді ұнатамын. Бос уақыт көп болса, айналысатын нәрсе табасың ғой.(күлді) Қазір көбінесе отбасыма көп уақыт бөлуге тырысамын, бірақ уақыт тапшы әрине. Халықтың адамы болған соң шақыртулар болады, оған қоса жаттығуымыздан бөлек спорттық жаттығу жиындары бар. Болашақта отбасыма көбірек уақыт бөлемін деген ойдаймын, тоқал алып деген сияқты...(күлді) 


-Эмоцияға қаншалықты көп берілесіз? 

-Жалпы мен әрқашан эмоцияға көп берілмеуге тырысамын. Өйткені ол жақсы нәрсеге жеткізбейді. Жалпы жекпе-жекте өз басымнан өткен 2015-ші жылы екінші кәсіби жекпе-жегімде эмоцияға берілемін деп, талып қалғаным бар. Содан бері ақылмен ойланып барып шешім қабылдаған дұрыс деп ойлаймын. Қазір эмоцияға мүлдем берілмеймін. 


-Әр кез көңілді болып жүруіңіздің себебі неде?) 

-Адам өз көңіл-күйін өзі жасайды. Жайдан жай қабағыңды шытып жүрудің қажеті жоқ. Мені кейбір танымайтын адамдар сыртымнан тәкәппар немесе ерке бала деп ойлайды екен. Солай ойлайтындарға сырт келбет жалған деп айтқым келеді. Ешкімді төмен санап, кемсітуге құқығымыз жоқ. Әрқашан қарапайымдылықтың туын ұстап жүруге тырысамын. Ту ұстап үйреніп алдық қой өзі.(күлді) Барлық жанға айтқым келетіні әрқашан күлімдеп жүрейік. Бір-бізімізге жақсы эмоция шашып тұрайық. Қалжыңдап жүрейік. Күліп жүрейік! 


-Осы айдың 30-ы күні өтетін жарысқа дайындық қалай өтуде? Бразилиялық қарсыласыңызды қаншалықты жақсы танисыз?

 -Дайындық жақсы шүкір. Бірқалыпты деп айтсам болады. Қатты жақсы да емес, жаман да емес. Жаттығу орташа деңгейде жүріп жатыр. Қарсыласыммен жеке өзім таныс емеспін. Бірақ ол өте тәжірбиелі жауынгер деп білемін. Бір, екі жекпе-жегін көзіммен көріп қалған болатынмын. Атырау қаласында өткен М-1 Challenge 100 жарысында қандасымыз Талғатпен шыққан. Тік тұрып, яғни орысша стойкада жақсы төбелеседі. Бұйырғаны десе де, біз бұл жекпе-жекке ұтылу үшін дайындалмадық!


 - Халыққа айтарыңыз болса?

 -Спортпен айналысыңыздар. Тағы бір айтарым, үйде еркектің сөзі өтіп жатса, тоқал алыңыздар (күлді). Отанға қосқан үлесіміз болсын. Құлақтарыңызға алтын сырға. Раxмет, жолыңыз ашық болсын☺


Сұхбаттасқан: Альмира Жасболатқызы


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру