Ұлттық спорт 19 Сәуір, 2019 (0) (443)

Азия чемпионаты: Теңге ілуден жеңімпаздар анықталды

Алматыда байрағын көтерген дүбірлі додада 7 мемлекеттің арасында ең епті спортшыны анықтау сайысы аяқталды.


Иә, біз теңге ілу спортының ойыншыларын бекерге епті деп отырғанымыз жоқ. Себебі, теңге ілуде аударыспақтай алапат күштің, жамбы атудағыдай мергендіктің, көкпардағыдай көкпері доданың қажеті жоқ. Керісінше, ат пен адамның үндестігі, қимылыңды тақымыңнан танитын текті тұлпарың мен иненің көзінен өтердей ептілігің керек. Әрине, әуелі өз денеңді меңгерер бейімділік пен ат құлағында ойнар шеберліктің қажеттігі айтпаса да түсінікті.

Сонымен, Алматыда басталған Жастар арасындағы І Азия чемпионатының теңге ілу сайысы бойынша 7 мемлекеттің жеткіншектері ортаға шықты. Қазақстаннан Нұрхан Елжанов, Ғалымжан Ізжанов қатарлы екі береніміз сынға түсті. Моңғолиядан – 3, Ауғанстаннан – 3, Қытайдан – 2, Өзбекстаннан – 3, Ресейден – 3, Тәжікстаннан – 3, барлығы 19 спортшы бақ сынады.



19 спортшы үш кезең бойынша бақ сынады.

Алғашқы айналымда 8 бозым іріктеліп шықты.


Екінші айналымнан кейін теңге ілу алаңында қазақстандық екі ойыншы, моңғолиялық екі ойыншы және қытайлық бір ойыншы қалды.

Ақтық кезеңге жолдама алған Қытайда тұратын қандасымыз Нұрболат Тәліпбайұлы 5-орын алса, баян-өлгейлік қос бозым Жеңісбек Серік пен Айболат Ұнат 3 және 4-орындарды иеленді. Ал бұған дейін Қазақстанды қойып, Азияға мәшһүр бола бастаған жас пері Ғалымжан Ізжанов теңге ілудің теңдессіз жеңімпазы екенін тағы бір дәлелдеді.

Ғалымжан үш кезеңнің екеуінде жердегі 5 теңгенің бесеуін де алып үлгерсе, финалдық ойында 4 теңгені жерден көтеріп әкетті. Сөйтіп, Ғалымжан Ізжанов Жастар жылы аясында өткізген тұңғыш Азия чемпионатының тұңғыш жеңімпазы атанды.



Осы орайда, Азия чемпионатының теңге ілу бойынша екінші орын иегері қазақстандық жас пері – Нұрхан Елжанов. Теңге ілуді енді бастап жүрген Нұрхан болашақта Ғалымжанның ізбасары болар, үміт күттірер епті жігіт екенін танытты.

Қорыта келгенде, Жастар жылы аясында Жастар арасында І Азия чемпионатының теңге ілу ойыны бойынша жеңімпаздар төмендегідей болды:

5-орын: Нұрболат Тәліпбайұлы (ҚХР);

4-орын: Айболат Ұнат (Моңғолия);

3-орын: Жеңісбек Серік (Моңғолия);

2-орын: Нұрхан Елжанов (Қазақстан);

1-орын: Ғалымжан Ізжанов (Қазақстан). 

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 21 сәуір күні өтеді. Ертең, яғни 19 сәуір күні жамбы ату мергендерінің жеңімпаздары анықталады.


Дереккөз: BAQ.KZ

Фото: Ержан ЖАУБАЙ


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру