Сұхбат 23 Сәуір, 2019 (1) (193)

Аян Әлжанов: «Қазақстанда футбол алаңдарының бірегей картасын жасаймыз»

Қазақстан футбол федерациясының Стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры Аян Әлжанов баспасөз қызметіне берген сұхбатында «ГОЛ» бағдарламасы мен еліміздегі футбол алаңдары көрсетілген ерекше карта туралы айтып берді.


- Аян Жеңісұлы, «ГОЛ» бағдарламасы туралы айтып өтсеңіз?

- Қазақстан футбол федерациясы ФИФА мен УЕФА-ның «Форвард» және «ХетТрик» бағдарламасының үлгісінде «ГОЛ» жобасын әзірлеп шықты. Біздің бағдарламаның аясында аймақтағы қауымдастықтарға футболды дамытуға және операциялық шығындарды жабуға қаражат бөлінді.

Аймақтардағы футбол қауымдастықтары «ГОЛ» бағдарламасының аясында қандай міндеттерді орындайды?

- Биыл аймақтардағы футбол қауымдастықтары жеке футбол мектептері арасында екі жас ерекшелігі бойынша тегін жарыс ұйымдастыру үшін қаражат алады. Қазақстан футбол федерациясы әр аймақта өтетін жарыстардың мерзімі туралы ақпаратты алдын ала таратады. Сонымен қатар, аймақтағы өкілдер жеке мектептермен жиі кездесіп, серіктестік жөнінде меморандумаға қол қоюы тиіс. Балалар арасында футболды дамытуда жеке футбол мектептерінің орны бөлек. Мектептерде футбол сабағын бақылау жұмыстары үшін де аймақтарға қаражат беріледі. Еліміздегі 1000 мектепте футбол сабағы енгізілгені белгілі. Жобаны сапалы жүргізу үшін қолдау қажет.

- «ГОЛ» бағдарламасы тағы қандай мәселелерді шешеді?

- Бүгінде аймақтағы футбол қауымдастықтарының басым бөлігінде ресми сайты жоқ. Халық арасында ақпарат тарату мүмкіндіктері шектеулі. Адамадар футболға қатысты мәселелердің шешімін таба алмайды. Қарапайым сұрақтарға жауап жоқ. Мәселен, тегін футбол алаңы қай жерде бар? Қалай жас төреші атануға болады? Жаттықтырушы қызметін қалай бастайды? Баланы қай мектепке беруге болады? Осы ақпараттың барлығына аймақтағы футбол қауымдастықтарының сайтында жауап болғаны абзал. Сонымен қатар, облыста өтетін жарыстар туралы ақпараттар мен атқарылып жатқан жобаларға қатысты мәліметтер болуы шарт. Сол себепті, қосымша қаражат алу үшін аймақтағы футбол қауымдастықтарына қойылатын басты талаптың бірі – ресми сайтының болуы. Әр қауымдастықтан аймақтағы футболдың дамуына қатысты ұзақмерзімді стратегияны талап етеміз.

- Сіздің департамент атқарып жатқан тағы қандай жобалар бар?

- «Алға, Qazaqstan! Вперед, футбол!» Стратегиясын сапалы жүзеге асыру үшін жобалау менеджементінің жүйесін енгіздік. Оның маңыздылығы қандай? Қазақстан футбол федерациясы мәселені анықтап, оны шешудің дұрыс жолын табу үшін жобаға жауапты маманды тағайындайды. Мәселен, елімізде футбол алаңына жауапты агрономдар, фитнес-дәрігерлер және басқа да тар саланың мамандықтары жоқтың қасы. Бұл мәселені шешудің жолы – арнайы дәрістер. «Футбол мамандары» жобасы әзірлеп, Қазақстан футбол федерациясының Техникалық орталығына тапсырдық. Өткен жылы Премьер-лига мен Бірінші лига клубтарының стадиондарындағы футбол алаңдарына жауап беретін мамандар үшін алғашқы семинарды ұйымдастырдық. Қазіргі таңда Қазақстан футбол федерациясы 15 жобаны қолға алды. Ол туралы біздің ресми сайттан танысуға болады.

Инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар бар ма?

Отандық футболдың ең ауыр тұсы – инфрақұрылым. Инфрақұрылымды дамыту үшін ең алдымен оның жағдайымен толық танысу қажет. Елімізде қанша футбол алаңы бар? Олардың ішінде футбол ойнауға жарамды алаңдардының саны қанша? Осы мақсатты орындау үшін Қазақстан футбол федерациясы футбол инфрақұрылымының нысандары көрсетілетін онлайн-карта әзірлеп жатыр. Картада еліміздегі барлық футбол нысандары туралы ақпарат жазылуы міндет. Яғни, мәліметтер мен суреттерден тұрады. Бастаманы қолға алдық. 2019 жылдың соңына қарай аяқталады.

- Картаны әзірлеуде қандай жұмыстар атқарылды?

- Жобаның алғашқы кезеңінде жергілікті атқарушы органдардан әр ауылдағы футбол нысандары туралы барлық ақпаратты алдық. Онлайн-карта орналастырылатын сайтты жасау жұмыстары басталып кетті. Жобаны жүзеге асыруда аймақтағы футбол федерацияларының көмектері қажет. Олар әкімдіктен алған футбол нысандары туралы барлық ақпаратты ұсынады. Аймақтағы футбол қауымдастықтарының өкілдері әр алаңды аралап, базалық ақпарат жинайды (футбол алаңының көлемі, жамылғының түрі, жағдайы және т.б.) және сурет түсіреді. Барлық ақпарат онлайн картаға орналастырылады және барша оқырманға қолжетімді болмақ.

Көп еңбекті қажет ететін жұмыстың тиімділігі зор болатын шығар?

- Федерация үшін де, аймақтағы футбол қауымдастықтары үшін де, футбол нысандарының иелері үшін картаның пайдасы зор болмақ. Ең бастысы халық үшін пайдасы зор. Мәселен, әлдебір елдімекенде футбол алаңына жөндеу жұмыстары қажет. Федерация, аймақтық футбол қауымдастықтары және жергілікті билік бірігіп, футбол алаңын қайта қалыпқа келтіреді. Футбол ойнайтын жандар карта арқылы жақын маңдағы алаңды таба алады. Онлайн картаны пайдаланушылар үшін ыңғайлы етіп жасаймыз.


Дереккөз: kff.kz

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру