Футбол 28 Мамыр, 2019 (0) (136)

Сүреңсіз ойындар сериясы

Қазақстан Премьер-лигасының 12-туры бірсыдырғы өтті. Тек «Ақтөбенің» қақпасын үш рет дәл көздеген «Ордабасы» демесеңіз, қалған командалардың әупірімдеп жүріп ойнағаны өтірік емес.



«Ақтөбе» - «Ордабасы» - 0:3

Онсыз да -5 ұпайын жоя алмай жүрген ақтөбеліктер Қобыланды батыр атындағы стадионда ойсырай жеңілді. Шымкенттік команданың бас мергені Жоау айналасы 11 минутта, дәлірек айтқанда 7 және 18 минуттарда дубль жасап кетті. Ал Диакате екінші таймның ортасында көзге түскен. «Ақтөбеде» жауап қайтарар ешкім табылмады.

«Тараз» - «Тобыл» - 0:1

Бұл бір көңілсіз матч болғаны анық. Өз алаңында "Тараз" жеңілгісі келмеді, яки "Тобыл" да фаворит екенін дәлелдеп баққысы келді. Қонақтар сапынан Фединнің орнына алаңға шыққан Шерцов белсеніп, "Тобылға" үш ұпай әперді.




«Ертіс» - «Атырау» - 1:0

Сүреңсіз ойын  деп мына бір матчты айтуға болар, бәлкім. Голынан сары қағазы басым (матчта 7 сары қағаз көрсетілді) болған текетіресте алаң иелері басым болды. Онда да, 75-минутта Рафкат Асланның голы "Ертісті" жеңімпаз етті. Қос команда да турнирлік кестенің екінші жартысында жүр.

«Оқжетпес» - «Астана» - 1:1

Ала-құла ойнап жүрген "Астана" жеңіске жете алмады. Өткен турда «Қайсардан» жеңілген "Оқжетпес" табандылық танытты деуге болады. Бірінші тайм соңында Роман Муртазаев гол соғып, "Астананы" алға шығарды. Жеңіс "Астанада" дескен жұрт. Алайда екінші тайм соңында, дәлірек айтқанда негізгі ойын аяқталып, қосымша минут басталған шақта Стоянович есепті теңестіріп кетті. 9-минутта Серікжан Мужиков алаңнан қуылған, бірақ бұл матчқа әсер ете қоймады.

«Жетісу» - «Қайсар» - 1:0

«Қайсардың» жеңіліссіз сериясы Талдықорғанда тоқтады. Оганесян 52-минутта есеп ашты. Сөйтіп алаң иелері маңызды үш ұпай ұстанды.

«Шахтер» - «Қайрат» - 1:2

«Қайрат» қайтер екен деп едік, «Шахтер» алға шыққанда. Шкодра 29-минут басталғанда гол соғып қарағандылық ұжымды алға жетелеген. Дегенмен екінші тайм орта тұсынан ауғанда Адеринсола Эсеола 5 минут ішінде екі рет допты торға тоғытты. Алматылық клубтың бас құтқарушысы осы Эсеола болып тұр қазір.

12-турдың қорытындысы бойынша 14 ойында 29 ұпай жинаған «Астана» орнын ешкімге берер емес. «Тобылда» 26 ұпай бар. Бір алаңдататыны аталмыш клубтардың қорғанысы нашар сияқты көрінеді. Бұған «Қайратты» қосыңыз. Алдыңғы екеуі өз қақпаларына 11 голдан жіберсе, «Қайраттың» қақпасына 14 доп кірген. Үшінші орындағы «Ордабасының» доп айырмашылығы 16-4! «Қайсарда» 23 ұпай бар. Соңғы орында Ақтөбе, олардың -5 ұпайы бар. 

Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру