Футбол 31 Мамыр, 2019 (0) (134)

Қазақстан Премьер-лигасының 13-тур ойындары ойналды

Бүгін ел біріншілігінің тағы бір туры өтті. Қос аутсайдер – «Атырау» мен «Тараз» ойнаса, «Астана» «Жетісуды» қабылдады. «Ақтөбе» «Қайратқа» қонаққа барды.


Шымкенттік «Ордабасы» «Оқжетпеспен» күш сынасты. Өткен турда Жоау мен Жанғылышбайды мақтағанбыз. Бүгін де екеуі мергендік танытты. 5-минутта бразилиялық гол соқса, Тоқтар 14, 38-минуттарда дубль жасады. Көкшетаулықтар тәртіп бұзғаннан басқа түк бітірген жоқ. Олар бес «сары қағаздың» иесі атанды.

12-турда «Жетісуға» есе жіберген «қасқырлар» «Ертістен» «кегін алды». Бұл ойында тәртіп көп бұзылды. Төреші қалтасынан 9 рет «сары қағаз» шығарды. Оның алтауы павлодарлықтарға тиесілі. «Қайсар» сапынан Барсегян (47) және Ламанже (84) көзге түсті. Қорытынды есеп 2:0.

Премьер-лиганың турнирлік кестесінде үшінші орыннан төмен түспей келе жатқан «Тобыл» қарағандылық кеншілерден «емтихан алды». 7-орында келе жатқан «Шахтер» қарсылық танытып-ақ баққан. Дегенмен тым сенімді қимылдап жүрген Владимир Газзаев шәкірттері жеңісті уыстан шығармады Тұрысбек 25-минутта, Нұрғалиев 59-минутта гол соғып, қостанайлықтар жеңіске жетті.

«Астана» әупірімдеп жүріп, «Жетісуды» жеңді. Олай дейтін жөніміз бар. Соңғы кезде ойындарын қиюластыра алмай жүрген еліміздің бас командасы қорғаушы Евгений Постниковтың бірінші таймда соққан добы арқасында жеңіске жетті. Талдықорғандықтар сапынан Олжас Керімжанов екі рет тәртіп бұзып, 79-минутта алаңнан қуылды

Соңғы кезде жанкүйерлерінен сын естіп жүрген «Қайрат» өз алаңында «Ақтөбені» аямады. Эсеола осы ойында тағы екі гол (60, 73) соғып, биылғы чемпионаттағы оныншы добына көрімдік сұрады. 89-минутта Эппель матчты қорытындылады. Есеп 3:0.

«Атырау» «Таразды» қабылдады. 10-11 орындарды бөлісіп келе жатқан қос команда тең тарқасты.66-минутта Лобжанидзе пенальтиден есеп ашты. Араға он екі минут салып, алаң иелері сапынан Бьедов есепті теңестірді.

Басқалардан екі матч артық ойнаған «Астана» 32 ұпаймен топ бастап келеді. Қостанайлық «Тобыл» үш ұпай қалып келе жатыр. Олардың запаста екі ойыны бар екенін ескерсек, Григорчук пен оның командасына қиын болары сөзсіз. «Қайсарды» төртінші орынға ығыстырған «Ордабасы» үшінші орынға көтерілді, бірақ екеуінің ұпайы тең. Көш соңында сол баяғы -5 ұпайымен «Ақтөбе» командасы келеді.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру