Футбол 07 Маусым, 2019 (0) (48)

Футболдан Ұлттар лигасы: Финалда Голландия мен Португалия кездеседі

Бүгін футболдан УЕФА Ұлттар лигасы финалдық кезеңінің ақтық сайысына жолдама алған екінші құрама анықталды. Голландия құрамасы финалда Португалиямен кездесетін болды.


Португалияның Гимарайнш қаласындағы «Афонсу Энрикеш» стадионында Голландия мен Англия құрамалары шеберлік байқасты. Оған жиналған 30 мыңнан астам жанкүйер қос құраманың тартысты бәсекесін тамашалады.

Қос құрама да толайым табыстарға қол жеткізген. Англия 1966 жылы әлем чемпионы атағына қол жеткізсе, 1968 және 1996 жылдары Еуропа біріншілігінде қола жүлдегер атанған. Ал Голландия құрамасы 1988 жылы Еуропа чемпионы атағын жеңіп алса, аталмыш бәсекеде төрт мәрте қола (1976, 1992, 2000, 2004) жүлдегер болды. Олар әлем чемпионатында үш мәрте күміс (1974, 1978, 2010), бір мәрте қола (2014) медаль алды.

Голландия құрамасы футболдан УЕФА Ұлттар лигасы іріктеу кезеңінде А лигасының бірінші тобында Франция мен Германияны артқа қалдырып кетті. Ал Англия төртінші топта Испания мен Хорватиядан мықтылығын танытты.

Бүгінгі кездесуде алғашқы минуттан бас бапкер Рональд Куманның шешімі бойынша Голландия құрамасы сапында Яспер Силлессен, Маттейс де Лигт, Вирджил ван Дейк, Дейли Блинд, Дензел Дюмфрис, Жоржиньо Вейналдум, Мартен де Рон, Френки де Йонг, Стивен Бергвейн, Райан Бабель және Мемфис Депай шықты. Ал Англияның бас бапкері Гарет Саутгейт оларға қарсы Джордан Пикфорд, Кайл Уолкер, Джон Стоунс, Гарри Магуайр, Бенджамин Чилвел, Фабиан Делф, Деклан Райс, Росс Баркли, Рахим Стерлинг, Джейдон Санчо және Маркус Рашфорд секілді шәкірттеріне сенім білдірді.

Бірінші кезеңде екі құрама да лайықты деңгейде қарсылық көрсете алды. Алма-кезек шабуылмен өрбіген ойын барысында есеп ашатын бірнеше мұмкіндік болған еді. Дегенмен ойынның 32-минутына дейін есеп өзгермей тұрды. Дәл сол сәтте Голландия қақпасы аумағында ойын тәртібі бұзылды. Оны Маркус Рашфорд мүлт жіберген жоқ. Осылайша Англия құрамасы алға шықты. Бұдан кейін де есепті өзгертетін бірнеше қауіпті сәттер болды. Дегенмен таблодағы есеп өзгерген жоқ. Екінші кезең де алма-кезек шабуылмен өрбіп жатты. Алғашқы он минуттың ішінде екі құраманың да гол соғатын мүмкіндігі болған еді. Алайда сол сәттерде қос құраманың қақпашылары әбжілдік танытып, өз қақпасын аман сақтап қалды. Ал Маттейс де Лигт әуелеп келген допты 73-минутта Англия қақпасына соғып кетті. Осылайша таразы басы теңесті. Негізгі кезең 1:1 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда ағылшын қорғаушысы Кайл Уолкер 97-минутта автогол соқса, голланд шабуылшысы Квинси Промес 114-минутта қорытынды есепті белгіледі. Голландия Англиядан 3:1 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алды.   

Голландия мен Англия құрамалары бүгінгі күнге дейін 21 мәрте кездескен. Қос құрама да алты-алты мәртеден жеңіске жетсе, қалған ойындарда тең нәтиже тіркелді.

Айта кетейік, кеше, 6 маусымда Португалия Швейцария құрамасын 3:1 есебімен тізе бүктіріп, ақтық сайысқа жолдама алған еді.  Бұл ойында Португалияның жарық жұлдызы Криштиану Роналду хет-трик жасады.

Енді 9 маусымда Портуда Голландия мен Португалия УЕФА Ұлттар лигасы чемпионын анықтаса, Гимарайншта Англия мен Швейцария қола жүлдеге таласады. Ойындар QazSport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.


Дереккөз: ҚазАқпарат


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру