Футбол 09 Маусым, 2019 (0) (42)

Қазақстан құрамасы Бельгиядан ірі есеппен ұтылды

Футболдан 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу матчы аясында Брюсселде алаң иелері мен Қазақстан құрамасы кездесті.


Матчқа Шомко, Логвиненко, Нұрғалиев сынды сақа ойыншылардың қатыса алмайтыны белгілі болған. Тіпті Зайнутдиновтың да жарақаты бар болып шықты. Меркель де бара алмады Брюссельге. Сонымен негізгі құрам былай болып шықты. Қақпада - Непогодов, қорғаушылар - Вороговский, Марочкин, Малый, Ерланов, Бейсебеков, жартылай қорғаушылар - Перцух, Қуат, Жуков, Федин, шабуылшы - Жанғылышбай. 

Матч біз күткендей бельгиялықтардың шабуылымен басталды. 10-минутта Азардың оң қапталдан берген пасын сәтті пайдаланып, Мертенс есеп ашты. Бұл жерде қорғаушыларымыздың топырлай қимылдап, қателескені анық көрініп тұрды. Араға бес минут салып, Мертенстің өзі сол қапталдан Кастаннің басына дәл пас шығарып, Тимоти есепті еселеп кетті. Алғашқы таймда, мойындау керек, тұтастай Бельгияның айтқанымен жүріп, айдауына көндік. Статистика солай дейді, біз емес. Ойынның 76%-нда Бельгия допқа иелік етті. 

Ал екінші таймда да жылдам соғылған голдан құтыла алмадық. Мертенс айып алаңына еркін еніп, қақпаға шірене тепкен. Алайда доп қақпа бағанынан кейін серпіліп, Лукакудың аяғына келе қалды. Ол соқпай қойсын ба?! Есеп 3:0.

Жанғылышбайдың орнына алаңға шыққан Исламхан ойынның сапасын сәл арттырды деуге болады. Дегенмен аты мен атағынан ат үркетін алаң иелері емін-еркін көсілді. 68-минутта Максим Фединнің орнына Абат Айымбетов шықты. Қуат орнын Тағыбергенге босатты. Алайда есеп өзгеріссіз қалды.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру