Сұхбат 11 Маусым, 2019 (0) (160)

Қайрат Әшірбеков: «Роналдумен сөйлесіп тұрғаныма сенбедім»

Қазақстан Ұлттық құрамасының бұрынғы футболшысы, қазір «Ордабасы» футбол клубында спорт директоры қызметін атқарып жүрген Қайрат Әшірбеков Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында еліміздің бас құрамасында өткізген ойындарын еске алып, Криштиану Роналдумен кездесуі жөнінде айтып берді.


Сонымен қатар, Арно Пайперс жаттықтырған Қазақстан құрамасының жеңіс формуласымен бөлісті.

- Қайрат, ойыншы мансабын аяқтап, «Ордабасы» командасында спорт директоры қызметіне ауыстыңыз. Қиын болған жоқ па?

- Ойыншы ретінде жасыл алаңмен қош айтысқанда өзге қызмет атқару қиынға соғады деп ойлағаным рас. Алайда, жұмысқа кіріскеннен кейін өзіме таныс кәсіптің екінші жағы екенін, қызықты әрі жеңіл еңбек екенін түсіндім.

- Ұлттық құрамада 15 ойын өткіздіңіз. Алғашқы матч есіңізді ме? 

- Әрине, Алматыда Қырғызстанмен ойнадық. Ойын алдында аздап толқыдым. Жаттықтырушы тапсырмасынан соң түрлі ой-күдіктер келді, өйткені мен ұлттық команданың негізгі құрамында алаңға шығайын деп тұрдым. Алайда, төреші ысқырық шалғаннан бастап бәрін ұмыттым. Сол ойында 4:1 есебімен жеңіске жеттік. Қайтар жолда балалық арманымның орындалғанын ойлап, өзімді бақытты сезіндім.



- Есіңізде сақталған ойын?

- Сербиямен өткен ойыннан бөлек, сырт алаңда Португалиямен кездесу ерекше есте қалыпты. Португалия командасының қатарында әлем футболының жұлдыздары жүрді. Оларды бір апта бұрын теледидардан көрген болатынмын. Қазақстан ойында ұтылды, алайда, стадион біздің футболшылардың лайықты қарсылық көрсеткенін бағалап, алғыстарын білдірді. Ойыннан кейін допинг бақылауына бару үшін жеребе тартып, біздің командадан маған және Андрей Травинге таңдау түсті. Ал, қарсыластан Криштиану Роналду мен Рауль Мейрелиш келді. Сол жылдары Роналду Англияның «Манчестер Юнайтед» сапында ойнап, жұлдызы жанып тұрған шағы еді. Роналдудың қасында сөйлесіп тұрғаныма сенбедім. Оның қарапайым әрі жақсы адам екенін түсіндім. Ойыннан кейін мен оның фанаты боп кеттім, және әлі күнге дейін жанкүйерімін.

- 2007 жылы Алматыда тарихи матч өтті. Қазақстан құрамасы Сербияны 2:1 есебімен жеңген болатын. Алғашқы голды соқтыңыз. Тағы қандай сәттер есте қалды?

- Ойынға дейін барлығы  Сербия құрамасын жеңу мүмкін емес деп ойлады. Алайда, біздің команда мен жаттықтырушылар штабының өзіндік пікірі бар еді. Ойынға жақсы дайындалдық. Сербия құрамасының қатарында мықты ойыншылар болды, бірақ Қазақстан ұйымшылдықтың арқасында жеңіске жетті. Бәріміз бір-бірімізге қол ұшын созып, көмек көрсетіп жүрдік. Мен алғашқы голды соқтым. Екінші голдан кейін Сербияның ұпайсыз қайтатынын ұғындық.

- 2008 жылғы Еуропа Чемпонатының іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы 10 ұпай жинады. Әзірге бұл ең жоғары көрсеткіш. Біздің құрама сол жылдары қалай табысқа жете алды?

- Ұжымымыз мықты болды. Барлығы соның арқасы деп ойлаймын. Ұлттық құрамаға шақыртуды барлығы асыға күтетін. Оқу-жаттығу жиынына отбасымызға бара жатқандай келуші едік. Жасымызда деңгейлес болды. Самат Смақов, Руслан Балтиев және Юрий Новиков сынды аға буын өкілдері ақылын да, қолдауын да аямады.



- Наурыз айында Михал Билек бастаған Қазақстан Ұлттық құрамасы екі ойын өткізді. Алдымен Шотландия құрамасын ұтып, кейін Ресейге есе жіберді. Осы ойындар қандай әсер қалдырды?

- Михал Билек жігіттерінің алғашқы ойынын өз көзіммен көрген болатынмын. Түркия жерінде Молдовамен жолдастық матч өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Біздің футболшылардың ұмтылысы мен ойынды ұйымдастыруы көзге түсті. Шотландиямен ойынды үйде теледидар аллдында қарадым, жеңіске жететінін ішім сезді, бірақ ірі есеп болады деп күтпедім. Не дегенмен, Шотландия –өте жақсы құрама. Ал, Ресеймен ойынға біздің футболшылар дайын болмаған сияқты. Төрт күн ішінде екі бірдей мықты қарсыласпен кездесу қиынға түсті.

- Қазақстан құрамасының тобындағы қарсыластар туралы айтып өтсеңіз.

- Екі айқын көшбасшы бар, олар – Бельгия және Ресей. Кипр, Шотландия, Сан-Марино құрамаларымен біздің футболшылар үшінші орынға таласуы тиіс. Қолдан келеді деп ойлаймын.

- Сан-Мариномен өтетін ойыннан не күтесіз?

- Сан-Мариномен ойын қиын болады. Шотландиямен ойында біздің команда қарымта шабуылдарға иек артты. Қарсылас қорғаушыларының артындағы ашық аймақты пайдалануға тырысты. Сан-Мариномен ойында ашық кеңістік болмайды. Қорғанысын бұзу үшін көп тер төгу керек.


Дереккөз: kff.kz


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру