Футбол 11 Маусым, 2019 (0) (137)

Қазақстан ұлттық құрамасы Сан-Мариноны күйрете жеңді

2020 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кампаниясының 4-турында Қазақстан құрамасы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана Арена» стадионында Сан-Мариноны қабылдады.



Қазақстан – Сан-Марино – 4:0

Голдар: Қуат,  45+1, Федин, 62, Сүйімбаев, 66, Исламхан, 79

Ескертулер: Ерланов, 31, Шомко, 90 – Сенсони, 48, Бролли, 64

Допқа иелік ету: 71% - 29%

Қақпаға бағытталған соққылар: 33 – 2

Дәл бағытталғаны: 16 - 2

11 маусым. Нұр-сұлтан. «Астана Арена». 18000 көрермен.



І тобының айқын аутсайдері саналатын қонақтар матч басында табандылық танытып, әр жерде прессинг жасай бастады. Алаң иелерінің көп қателескенін мойындау керек. Ресейден аса ірі есеппен жеңілген санмаринолықтар сол матчтан сабақ алғанға ұқсады. Ойынның 10-минутына дейін қиюы келіспеген қимылдарыменмен есте қалған құрамамыз есін жиып, жинақы ойнай бастады. 11-минутта Бауыржан Исламхан айып алаңының  сыртынан қауіпті соққы жасады. Бенедеттини зорға қайтарды. Араға минут салып Вороговский жақын жерден баспен қақпашыға дәл беріп қойды. Бұдан кейін Сергей Малый да бір мәрте теуіп көрген. Сәт сайын жойқын шабуылдаған Билектің тәлімгерлері тым сенімді қимылдағанын айту ләзім. Осындай сәттердің бірінде айып добын орындаған Тағыберген тамаша тепті. Қонақтар қақпашысы тағы сәтті қайтарды. Он жеті минутта бес рет бұрыштамадан доп тепкен алаң иелері рекорд жасағандай. Нағыз гол соғатын сәтті Айымбетов пен Исламхан тудырды. Алайда 5 метр жерден мүлт кеткен Абат допты қақпадан асыра теуіп, пұшайман болды. Несін жасырайық, командамыз дәл пас беру жағынан қатты ақсап тұр. Оның үстіне қос қапталдан қыспаққа алудың орнына алаңның ортасымен көбірек шабуылдауды ұйғарған біздің жігіттер ауық-ауық қарсылыққа тап болды. Алғашқы таймда Исламханның соққылары есте қалды деуге негіз бар. Бапкер Билек те мазасыздана бастады. Үш есе басымдықпен допқа иелік еткен Қазақстан құрамасы бірінші таймың соңында әдемі комбинацияның арқасында есеп ашты. Гол авторы – Исламбек Қуат. Айтпақшы, алғашқы «сары қағаздың»  авторы да бізбіз, 31-минутта Ерлановтың тәртіп бұзғаны біртүрлі ыңғайсыз болды. Әдетте шеберлігі кемшін түскен команда өрескел ойнаушы еді.

Екінші тайм да біз күткендей Исламхан бастаған жігіттердің шабуылымен басталды. Бірақ, сол қателіктің зардабын тартудай-ақ тарттық. Сан-Марино қақпашысы да түнеугүні Ресей соққан тоғыз голдың арқасында ма, әйтеуір керемет сэйвтерімен таң қалдырды.

58-минутта түк бітірмеген Абат Айымбетовтың орнына Максим Федин шықты. Шықты да, төрт минуттан кейін, Шомкодан пас алып, екі қорғаушының ортасынан шірене тартты. Есеп 2:0! Ал 66-минутта мөлшермен 25 метр жерден ұлттық құраманың үшінші голын соқты. 69-минутта Бауыржан Тұрысбекті Тоқтар Жаңғылышбай ауыстырды. Шабуылды одан әрі үдете түскен Қазақстан командасы үш голмен тоқтап қалмаймыз  деген сыңай танытты. Ойынның да сапасы артқаны көзге ұрып тұр. Қонақтардың жүйкесі сыр берді ме, жиі тәртіп бұза бастады. Исламханның екі жойқын соққысына да куә болдық, оның бірі қақпа бағанынан кері қайтты. 79-минутта капитан ақыры дегеніне жетті. Өзіне ыңғайлы нүктеден қақырата теуіп, қақпа торын бүлк еткізді! 4:0. Ал матч біткенше шабуылдағанымызбен, бесінші голды соға алмадық.



Бүгін түнде топтағы екі матч ойналады. Турнирлік кестедегі орындар соған байланысты болмақ.


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру