Alaman Ақпарат 14 Маусым, 2019 (0) (110)

Кейкі мергенннің ұрпақтары Олимпиадаға барады

Қазақ елі мергендері командалық сында Токио Олимпиадасының лицензиясына қол жеткізді.


Нидерланд елінің Хертонгебос қаласында садақ тартудан 50-ші әлем чемпионаты өтіп жатыр. Оған Қазақстан құрамасы да ең үздік спортшыларын үкілеп қосқан. Әзірше классикалық садақ тарту сайысында жігіттеріміз сенімді ақтады. Нақтырақ айтқанда, ерлер арасындағы командалық сында 6-орынға ие болып, 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының жолдамасына ие болды.

Ұлттық құраманың намысын қорғаған Санжар Мұсаев, Ильфат Абдуллин және Денис Ганькин үштігі әлем чемпионатының 1/16-финалында Финляндия садақшыларын 5:4 есебімен жолдарынан тайдырды. Одан соң АҚШ мергендерінен (Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерлерінен) 6:0 есебімен үстем түсті. Ал ширек финалда жергілікті Нидерланд құрамасына 2:6 есебімен есе жіберіп алды.

Сөйтіп, Қазақ елі садақшылары 6-орынға ие болды. Ал биылғы әлем чемпионатында алғашқы сегіздікке іліккен командаларға келесі жылы Токиода өтетін дүбірлі доданың жолдамалары үлестірілді. Бұл – ерен жетістік. Себебі, құралайды көзге атқан Кейкі батырдың ұрпақтары 2000 жылдан бері Олимпиадада ойындарына қатыса алмай жүрген.

Өкінішке қарай, әйелдер арасындағы командалық сында қыздарымыздың бақтары жанбады. Алина Ильясова, Гаухар Игібаева және Қаракөз Асқарова үштігі 28-орынмен шектелді. Ел намысын қорғаған аруларымыздың алғашқы екеуі 17-18-дегі бойжеткендер екенін ескеріп, болашақтарына үмітпен қараймыз. Бұл жолы олар баға жетпес тәжірибе жинақтап қайтты деп ойлаймыз.  

Садақшылар арасындағы жекелей сында да жігіттеріміз сенім үдесінен шықты. Атап айтқанда, Санжар Мұсаев әйгілі мергеннен басым түсіп, 9-орынға ие болды. Ол 1/16-финалында Олимпиада ойындарының командалық сындағы чемпионы, Оңтүстік Корея спортшысы Сюн Юн Лиден басым түсті (6:5). Бірақ бұдан кейін Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері, жапон Такахуру Фурукаваға есе жіберіп алды (4:6).

Қалған спортшыларымыздың көрсеткіштеріне тоқталар болсақ, Денис Ганькин 17- орынға, Ильфат Абдуллин 33-орынға ие болды. Ал әйелдер арасындағы жекелей сында Алина Ильясова 33-орынды, Гаухар Игібаева 57-орынды, ал Қаракөз Асқарова 140-орынды иеленді. Енді садақ тарту сайысының компаунд (блокты садақ) түріндегі қыз-жігіттер сынға түседі.


Дереккөз: InBusiness.kz

Автор: Маруан Түсіп


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру