Күрес 16 Маусым, 2019 (0) (102)

Дүбірлі жекпе-жек: ШҚО-да қазақша күрестен Халықаралық гран-при өтті

ШҚО Тарбағатай ауданында Ырғызбай Досханұлы атындағы орталық стадионда мыңдаған адам жиналып, 30 мемлекеттен келген 90 балуанның күресін тамашалады.


Аталмыш турнир жетінші рет өткізіліп отыр. Осы уақыт аралығында оған қатысушылар мен мемлекеттер саны артты. Ал биыл «Тұғыры биік Тарбағатай» өнер мен спорт фестивалі аясында өтуі ауқымдылығын кеңейтіп отыр.

Халықаралық деңгейдегі төреші, өнер мен спорт фестивалін ұйымдастырушы комитеттің төрағасы Талғат Мәзібаевтың айтуы бойынша, қазақ күресі қыркүйек айында Кореяда өтетін Әлемдік ойындардың тізіміне енді. Сондықтан турнирге шетелдік спортшылардың қатысуы жақсы мүмкіндік.

«Біз жыл сайын халықаралық спортшыларды ашық аспан астындағы турнирге шақырамыз. Еуропа елдерінде қазақ күресі танымалдылығының артуы қуантады. Алдағы уақытта қазақ күресін олимпиада ойындарына қосу мақсатымыз бар. Оның барлығы уақыт еншісінде. Биыл алғаш рет Италия, Румыния және Нидерландия мемлекеттерінің балуандары қатысуда», - деді бас төреші.



Грекиялық команда өкілі Пекос Теодорас өзі бала кезінде аталмыш спорт түрімен айналысқанын айтты.

«Біз осы турнирге неше мәрте қатысып келеміз. Жылдан жылға трибуналар жанкүйерлерге толып, шараның ауқымдылығының артқандығының куәсіміз», - деді Пекос Теодорас.

Күні бойы спортшылар үлкен сынға түсті. Барлық 90 спортшы өз елдерінің намысын жоғары шеберлікпен қорғап шықты.

Нәтижесінде 70 келі салмақта қола жүлдеге Молдова спортшысы Геордже Року, күміске қазақстандық Өскен Төлеубеков, ал алтын жүлдеге грузиялық Звиад Одошешвили ие болды.



80 келі салмақта бірінші орынды Тәжікстан спортшысы Хамроз Раджабо, екінші орынды грузиялық Каха Момулашвили, үшінші орынды қазақстандық Бекзат Манасбаев иеленді.

80-нен жоғары салмақта тартылыс қызу болды. Қазақтандық Айбек Нұғымаров пен өзбекстандық Мухсин Хисомудиновтің жекпе-жегін көрерменде қызығушылықпен тамашалады. Үлкен тартыс нәтижесінде Халықаралық Гран-Приді Айбек Нұғымаров иеленді.

Балуан Мухсин Хисомудинов екінші орынға, грузиялық Георджи Катарадзе үшінші орынға табан тіреді.

«Шығыс Қазақстанға әлемнің 30 мемлекеті келуі үлкен жетістік. Қазақ күресі танымал болып келеді. Бұл қуантарлық жайт», - деді чемпион Айбек Нұғымаров.



Марапаттаудан кейін жеңімпаздар «Qazaq promotion» компаниясы ұсынған салтанатты әрі үлкен концертті тамашалады.

Ертең халықаралық 140 шақырымдық ат бәйгесі өтеді.


Дереккөз: ҚазАқпарат


Ұқсас жаңалықтар

Пікір қалдыру