Аймақтағы спорт 10 Шілде, 2019 (0) (139)

Жақсының аты өлмейді

Еліміздегі бұқаралық спорттың дамуы оны ұйымдастырушыға байланысты десек, артық айтпағанымыз болар. Бірақ оған себеп болған кім және не деп сұрақ қою - заңдылық. Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында Айтбай атты шағын ауыл бар. Сол жерде Ақан Тоқбаевты еске алуға арналған дәстүрлі спорттық жарысы жыл сайын өтіп тұрады. Дәстүрлі болғанда, биыл үшінші жыл өтейін деп отырған айтулы спорт мерекесінің ұйымдастырушылары кімдер? Ақан Тоқбаев кім? Бәрін басынан бастайық.

Автор: Мадияр Арстанбаев


     Ақан Тоқбаев (Рахметолла Айтбайұлы) – 1919 жылы Ақшатау мен Шыңғыстаудың ортасындағы Құндызды ауылында, атақты Ақтанберді жырау жерленген Жүрекадыр жотасынан оңтүстік батысқа қарай 7 шақырым жерде, Аюбай мекенінде дүние есігін ашқан. Ақан Айтбайұлының дүниеге келген кезі ақ патша құлап, Кеңес үкіметінің құрылуы кезеңімен тұспа-тұс келіпті. Қуғын-сүргін заманда үлкендер жағы кеңесе келе Аягөзге қоныс аударған еді. Бала Ақан сауатын Аягөзде ашып, кейін Семей шаһарындағы мұғалімдер даярлайтын оқу орнын бітірді. Бұрынғы Сергиополь, қазіргі Мамырсуда мұғалім болады. Жаз айларында Алматыда орналасқан атты әскер құрамында дайындықтан өтіп, соғыс басталғанға дейін, кіші командирлік курстан өтеді. 1942 жылы қан майданға аттанады. Ол майданнан оралмады. Небәрі 25 жасында өмірден озды, артында тұяқ қалмады. 1944 жылы Украинада қаза тапты.

     Араға 70 жыл салып, Мәрзия Айтбайқызы көңілін тыншытпаған істің бетін бері қайырды. Қайрат бастаған ұлдарымен Украинаға барып, бір уыс топырағын алып келіп, Айтбай атаның қасына салтанатты түрде «жерледі».

     Биыл Ақан (Рахметолла) Айтбайұлының туғанына 100 жыл, дүниеден өткеніне 75 жыл толды. Ұлағатты ұрпағы аталарының атын асқақтату мақсатында екі жылдан бері спорт мерекесін өткізуді қолға алған. «Жақсының аты өлмейді», егер артыңда қалған қалың ел саналы болса! Биыл үшінші рет өткізілгелі отырған турнир дәстүрлі жарыстардың қатарына қосылғалы тұр. Біздің айтпағымыз да осы болатын.

     Аудан көлемінде атап өтілетін дүбірлі доданың тағы бір мақсаты аудан және ауыл жастары мен жасөспірімдерін  спортқа баулу, салауатты өмір салтын қалыптастыру екені анық.

     Ұлдар мен қыздар арасында жеке және командалық түрде шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, қол күресі және гір тасын көтеру сияқты кең танымал спорт түрлері ұйымдастырылады.

     Жарыс 2019 жылдың 13-шілдесінде Үржар ауданы Айтбай ауылында өтеді. Жарыстың басталу уақыты сағат 09.00-де басталады, ашылу салтанаты 11.00-ге белгіленген.

9


Ұқсас жаңалықтар

Туған жерге тағзым

02 Шілде, 2019 914

Пікір қалдыру